02 Сәуір, 2015

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы №484 

866 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
2014 жылғы 25 қараша, Астана қаласы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 6-2) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын әзірлеу қағидалары бекітілсін. 2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А. Жонтаева): 1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін; 2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр Е.Н. Иманғалиевқа жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Министр А.СӘРІНЖІПОВ. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 25 қарашадағы № 484 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын әзірлеу қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын әзірлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 6-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын (бұдан әрі – МЖМБС) әзірлеу тәртібін айқындайды. 2. Осы Қағидаларда мынадай айқындаулар пайдаланылады: 1) білім беру саласындағы уәкілетті орган – білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы. 2. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын әзірлеу тәртібі 3. Білім беру саласындағы уәкілетті орган Заңның 12-бабына сәйкес білім беру деңгейлері бойын­ша МЖМБС әзірлеуді ұйымдастырады. 4. МЖМБС әзірлеуге қолданыстағы білім беру жүйесін жетілдіру қажеттілігі, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» жарлығы негіз болып табылады. 5. МЖМБС әзірлеуі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген білім беру саласындағы мамандардан құрылған жұмыс тобымен және мүдделі мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдардың, ғылыми ұйымдардың, ғылыми-әдістемелік орталықтардың өкілдерін тарту арқылы, республикалық салалық және кәсіптік қауымдастықтардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады. 6. МЖМБС әзірлену барысында мүдделі мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен келісіледі. 7. МЖМБС Заңның 4-бап 24-тармақшасына сәйкес бекітіледі. 3. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының құрылымы 8. МЖМБС-ның құрылымы білім беру деңгейлері бойынша мынадай бөлімдерден тұрады: 1) жалпы ережелер; 2) білім алушылардың және тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар; 3) білім берудің мазмұнына қойылатын талаптар; 4) оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар. 9. «Жалпы ережелер» бөлімі келесі бөлімдердің мазмұнын ашатын ақпаратты қамтуы тиіс. 10. «Білім алушылардың және тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар» бөлімінде әрбір білім деңгейін аяқтаған соң білім алушы мен тәрбиеленуші меңгеруі тиіс құзыреттер тізбесі көрсетілуі қажет: 1) Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары: оқу, тәрбие, оқушыларды дамыту және денсаулығын жақсарту бірлескен қағидаттарын есепке ала отырып мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігін қамамасыз етеді; әрбір оқушының қабілетін, икемділігін, дарындылығын іске асыруға және даму ерекшелігі мен денсаулық жағдайын ескере отырып, дара тілін табу негізінде бастауыш білім беру бағдарламаларын меңгеруге дайындалуына бағытталған; қарапайым оқу, жазу, есептеу және тілдесу тәжірибесі дағдыларын қалыптастырады және бастауыш білімді меңгеруге бірдей әдепкі шарттар жасауды қарастырады. 2) бастауыш білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары адам, табиғат және қоғам туралы пропедевтикалық білімді қалыптастыруға, рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуға, білім алудың функционалдық дағдыларын: санау, оқу, жазу, өз ойын логикалық түрде жеткізуге, кез келген ортада қарым-қатынас орната білу, дербес және командалық жұмысты тиімді ұйымдастырудың негізі ретінде ақпарат іздеу, талдау және түсіндіру дағдыларын жас мүмкіншіліктеріне қарай дамытуға бағытталған; 3) негізгі орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке тұлға ретінде өзін-өзі танытуына және кәсіптік бағдарлануына бағытталады және оқушылардың бейіналды дайындығын да қамтиды; 4) жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бейіндік оқытуды енгізе отырып, саралау, кіріктіру және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді; 5) техникалық және кәсіптік білімнің білім беретін оқу бағдарламалары мазмұнына және білім алушылар даярлығының біліктілік деңгейіне қарай Ұлттық біліктілік шеңберіне сәйкес төмендегілерді меңгеруге бағытталуы тиіс: өз бетінше жоспарлау, міндеттерді айқындау, технологиялық процесс учаскесі және алға қойылған міндеттерді орындауға жауапкершілікті және соңғы нәтижеге қол жеткізуді көздейтін кәсіпорын қызметінің стратегиясы шеңберінде бағынысты қызметкерлердің нормаларды іске асыруын ұйымдастыру және бақылауды қарастыратын, жетекшілік етумен атқарушылық, басқарушылық қызметті іске асыру жөніндегі құзыреттерді; белгіленген норманы орындау тәсілін өз бетінше анықтай білу дағдысы, еңбек заттары мен құралдарын қолдану, қарапайым міндеттерді орындау жөнінде шешімдер қабылдау, оларды іске асыруға жағдайлар жасау, алған тапсырмаларды нақтылау; заттың өзгеру технологиялары, еңбекті жоспарлау және ұйымдастыру, тапсырманы өз бетінше орындау туралы, бағынысты қызметкерлерге міндеттер қою, олардың қызмет нәтижелерін бағалау және талдау, кәсіптік қызметтің типтік жағдайларында, тәсілдерінде, қағидаттарында және кәсіптік міндеттер қою мен оларды шешу тәсілдерінде бағынысты қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыруын ынталандыру, этика және қарым-қатынастар психологиясы, ойлау және қызмет рефлексиясы, еңбекті мотивациялау және ынталандыру тәсілдері, кәсіптік жағдайларды жүйелік талдау және жобалау әдістемесі, басқарушылық шешімдер қабылдау, ұжым және команда құру туралы білімдер; 6) орта білімнен кейінгі білімнің кәсіптік оқу бағдарламалары орта білімі (жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік) бар азаматтар қатарынан техникалық, қызмет көрсету және басқарушылық еңбек мамандарын даярлауға бағытталуы тиіс; 7) жоғары білімнің кәсіптік оқу бағдарламалары біліктілік және (немесе) «бакалавр» академиялық дәрежесін бере отырып, мамандар даярлауға, олардың кәсіби даярлығын жүйелі түрде арттыруға бағытталған, үшін жалпы білім беретін, базалық және бейіндеуші пәндер циклдерін меңгеруді және тиісті мамандықтар бойынша кәсіптік практикадан өтуді көздейді; 8) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін оқу бағдарламалары жоғары санатты ғылыми және педагог кадрларды даярлауға, олардың біліктіліктерін жүйелі түрде арттыруға бағытталған, базалық және бейінді пәндер қамтылған теориялық оқытуды; ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп диссертация жазуды көздейді; 9) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің жалпыға міндетті білім беру стандартында академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде білім алушылардың игеретін кредиттерін қайта есептеу тәртібі көрсетілген; 10) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тиісті бағдарламаларын меңгерген білім алушыларға «магистр» академиялық дәрежесі, PhD доктор немесе бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі беріледі. 11. «Білім беру мазмұнына қойлатын талаптар» бөлімінде мақсаттар, құндылықтар, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің типтік жасы, әр деңгей бойынша білім беру бағдарламаларын меңгерудің нормативтік мерзімі сипатталуы тиіс. 1) Мектепке дейінгі білім берудің мақсаты: мектепте оқуға қажетті білім, білік және дағдыларды қалыптастыру. 2) Орта білімнің бөлігі ретінде бастауыш білім берудің мақсаты Орта білімнің жалпы Құндылықтары мен Мақсаттарына негізделеді. 3) Негізгі орта білімнің мақсаты: кәсіпті саналы түрде таңдауға және негіз болатын тұлғаны қоғам өміріне бейімдеу, тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыру. 4) Жалпы орта білім берудің мақсаты: кең ауқымды дағдыларға (білімді шығармашылық тұрғыдан пайдалану; сын тұрғысынан ойлау; зерттеу жұмыстарын орындау; ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану) ие оқушы тұлғасын үйлесімді қалыптастыру және дамыту үшін қолайлы білім беру кеңістігін құру; тіл дағдыларын кіріктіре отырып, коммуникативті қарым-қатынас тәсілдерін қолдану жеке және топта жұмыс істеу дағдылары. 5) Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мақсаты: нақты біліктілік алуға және біліктілік деңгейін арттыруға қажетті құзыреттерді қалыптастыру; біліктілік деңгейлерінің төменнен жоғарыға қарай дамуының үздіксіздігі және сабақтастығы; білім алушылардың маманның біліктілік деңгейіне сәйкес келетін, жалпы оқу-тәрбие процесінің барысында қалыптастырылатын базалық құзыреттерге ие болуы; білім алушылардың кәсіптік қызметтің негізгі түрлеріне сәйкес келетін кәсіптік құзыреттерге ие болуы; білім алушылардың кәсіптік қызметтің негізгі түрлеріне сәйкес келетін арнайы құзыреттерге ие болуы. 6) Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білімнің мақсаты: студенттердің дайындық деңгейіне және жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне қойылатын міндетті талаптардың негізінде жоғары білім сапасын, сондай-ақ студенттерді оқыту деңгейін және білім беру бағдарламаларының сапасын бағалаудың объективтілігі мен ақпараттылығын арттыру. 7) Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру құндылықтары оқушыны жағымды мінез-құлық пен жасампаздық іс-әрекетке ынталануына ықпал ететін тұрақты өмірлік бағдар болып табылады. Орта білім беру құндылықтары өз мүмкіндігін ашатын, өмірі мен қоршаған ортаның сапасын жақсарта алатын жеке тұлғаның қалыптасуында жетекші факторға айналады: дұрыс шешім қабылдау және қоғам өміріне жасампаздықпен араласу, өзгерістерге икемділік пен даярлықты көрсету үшін шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау ақпараттық-коммуникациялық құралдарды пайдалану арқылы кез келген тілдік ортада ұжыммен жұмыс істеу үшін коммуникативті болу; қоршаған болмысты объективті бейнелеу үшін мәдениеттер мен пікірлерге құрмет білдіру; Отан алдындағы өз міндеттерін атқару және Қазақстанның дамуына үлес қосу үшін жауапты болу, белсенді азаматтық ұстанымын көрсету; басқаларға құрметпен қарау үшін жылы шырайлы және қамқоршыл болу; кез келген өмір жағдайында өз танымы мен еңбек жолындағы мансабының жоғарылау процесін өз бетінше реттеу үшін өмір бойы оқуға дайын болу. 8) Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің құндылықтары: кәсіби қызметтегі, басқару бастамасындағы шығармашылыққа қабілеттілік, кәсіптік білімді дамытуға және кәсіптік қызмет нәтижелері үшін жауапкершілік қабылдау; кәсіптік ұтқырлықты, бәсекеге қабілеттілікті және қазіргі қоғамда әлеметтік қорғалуды қамтамасыз ететін білім, іскерлік мен дағдылар, қасиеттер мен қабілеттер; маманның кәсіптік қызметті өз бетінше орындауға, өз еңбегінің нәтижелерін бағалауға, қызметтің негізгі міндеттерін сондай-ақ білімнің, іскерліктің, дағдылардың белгілі көлемін шешуге дайындығы. 9) Жоғары білім берудің құндылықтары: ойлау мәдениеті жоғары және дүниетанымы кең жоғары білімді тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін жаратылыстану ғылымдары (әлеуметтік, гуманитарлық, экономикалық) пәндері саласында базалық білімінің болуы; қоғамдық пікірге, дәстүрлерге, салттарға, қоғамдық нормаларға негізделетін әлеуметтік-этикалық құндылықтарды білу, сақтау және өзінің кәсіптік қызметінде оларға сүйену; командада жұмыс істеуге қабілетті болу, өзінің көзқарасын дәлелдей алу, жаңа шешімдер ұсына білу; түрлі әлеуметтік жағдайларда саналы түрде дұрыс бағыт ұстана білу, заманауи ақпараттық ағынды бағдарлай білу және әлемдік экономикадағы қарқынды түрде өзгеріп отыратын құбылыстар мен процестерге бейімделе білу; экономиканы мемлекеттік реттеу мақсаттары мен әдістерін, экономикадағы мемлекеттік сектордың рөлін білу және түсіну; күнделікті кәсіптік қызметке және магистратурада білім алуды жалғастыруға қажетті жаңа білімді меңгеру дағдысының болуы. 10) Жоғары білімнен кейінгі бейіндік, ғылыми және педагогикалық магистратура құндылықтары: жаратылыстану (әлеуметтік, гуманитарлық, экономикалық) ғылымдарының әдіснамалық және философиялық өзекті проблемалары туралы, әлемдік бизнес-әріптестiктің экономикалық, саяси, құқықтық, мәдени және технологиялық ортасының қазiргi жай-күйі туралы түсінігі болу; ғылыми танымның әдiснамасын, экономика құрылымын өзгертетін негiзгi қозғаушы күштерді, инвестициялық ынтымақтастықтың ерекшелiктері мен ережелерiн білу; кәсiптік қызметте танымның ғылыми әдiстерiн қолдана білу, процестер мен құбылыстарды зерттеудiң қолданыстағы тұжырымдамаларын, теориясы мен әдістерін сын-көзбен талдай білу, әртүрлi пәндер бойынша меңгерген бiлiмді интеграциялауы, оларды жаңа белгісіз жағдайларда талдамалық және басқарушылық мәселелерді шешуде қолдана білу; магистрлік диссертация, ғылыми мақала, есеп, талдамалық жазбалар түрінде ғылыми-зерттеу және талдамалы жұмыс нәтижелерін жалпылай білу; ұйымдар мен кәсiпорындардың экономикалық қызметiн ұйымдастыруда және басқаруда ғылыми талдау және практикалық мәселелерді шешу дағдылары; күнделiктi кәсiптік қызметте және докторантурада білімін жалғастыру үшін қажет бiлiмін кеңейту және тереңдету; қоғамдық өмiрдегi ғылым және бiлiмнiң рөлі туралы; ғылыми танымның дамуындағы қазiргi үрдістер туралы; жаратылыстану (әлеуметтік, гуманитарлық, экономикалық) ғылымдарының әдіснамалық және философиялық өзекті проблемалары туралы түсінігі болу; ғылыми танымның әдiснамасын, ғылыми қызметті ұйымдастырудың қағидаттары мен құрылымын, білім берудің тиімділігі мен сапасын арттырудың психологиялық әдістері мен құралдарын білу; алған білімін ғылыми зерттеулер контекстiнде идеяларды қолдану немесе өзіндік дамыту үшiн қолдана білу; процестер мен құбылыстарды зерттеудiң қолданыстағы тұжырымдамаларын, теориясы мен әдістерін сын-көзбен талдай алу; жоғары мектеп педагогикасы мен психологиясынан алған бiлiмін өз педагогикалық қызметiнде қолдана білу; диссертация, ғылыми мақала, есеп, талдмамалық жазбалар және т.б. түрінде ғылыми-зерттеу және талдамалық жұмыс нәтижелерін жалпылай білу; күнделiктi кәсiптік қызметте және докторантурада білімін жалғастыру үшін бiлiмін кеңейту және тереңдету дағдысының болуы. 11) мектепке дейінгі деңгейде оқыту мазмұнын ұйымдастыру тәсілі: мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу және оқыту жұмысына құзыреттілік тәсіл; «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық», «Социум» білім беру салалары арқылы ұйымдастырылған оқу қызметін ұйымдастыруға ықпалдастық тәсіл; құзыреттілік даму индикаторлары негізінде әрбір баланың жетістіктерін диагностикалауды жүзеге асыру, яғни мектеп жасына дейінгі балалардың толық даму деңгейін зерттеу және қадағалау құралдары негізінде қамтамасыз етіледі. 12) Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейінде оқыту мазмұнын ұйымдастыру тәсілдері оқыту мен тәрбиелеу бірлігі принципіне сәйкес жүзеге асырылады. Оқу процесін ұйымдастыру кезінде оқушылардың жетекші қызметі ретінде оқуға басым рөл беріледі. Оқу оқушылардың ізденуге, мәселелерді талқылауда белсенділік танытуға, көзқарасын дәлелдеуге, конструктивті шешім қабылдауға деген ынтасын таныту арқылы тәжірибе игеруін ұйымдастыруға негізделген интерактивті оқыту әдістерін пайдалануды қарастырады. Даму жағынан мүмкіндіктері шектеулі оқушылар үшін олардың айрықша білім алу қажеттіліктерін ескере отырып, орта білім алуы, дамуындағы кемістікті түзетуі және әлеуметтік бейімделуі үшін қажетті жағдайлар жасалады; 13) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мазмұнын ұйымдастыру тәсілдері мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары негізінде әзірленетін білім беру оқу бағдарламаларымен анықталады; 14) оқыту мазмұнын ұйымдастыру тәсілдері жоғары білім деңгейінде кредиттік оқыту технологиясы негізінде өз бетінше жүзеге асырылады; 15) Білім беру оқу бағдарламаларын меңгерудің нормативтік мерзімі: мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту - 5 жыл; бастауыш білім беру - 4 жыл; негізгі орта білім беру - 5 жыл; жалпы орта білім беру - 2 жыл; техникалық және кәсіптік білім беру - белгіленген біліктілік деңгейі мен білім алушылардың базалық білім деңгейінің күрделілігіне қарай; жоғары білім беру – 4-5 жыл; жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру - 1 жылдан 3 жылға дейін. 12. «Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар» деген бөлімде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі анықталады: 1) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту – аптасына 24 сағаттан артық емес; 2) бастауыш білім беру – аптасына 29 сағаттан артық емес; 3) негізгі орта білім беру - аптасына 38 сағаттан артық емес; 4) жалпы орта білім беру - аптасына 39 сағаттан артық емес; 5) техникалық және кәсіптік білім беру - күндізгі оқыту нысанында аптасына кемінде 36 сағат міндетті оқу жүктемесін қоса алғанда, аптасына 54 сағаттан артық емес; 6) орта білімнен кейінгі білім беру - күндізгі оқыту нысанында аптасына кемінде 36 сағат міндетті оқу жүктемесін қоса алғанда, аптасына 54 сағаттан артық емес; 7) жоғары білім беру – оқытудың барлық кезеңінде кемінде 129 кредит; 8) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру: оқытудың барлық кезеңінде ғылыми және педагогикалық магистратура бойынша кемінде 51 кредит, 1,5 жылдық бейіндік магистратура бойынша кемінде 38 кредит, 1 жылдық бейіндік магистратура бойынша кемінде 26 кредит, оқытудың барлық кезеңінде докторантура бойынша кемінде 60 кредит. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылғы 24 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №9997 болып енгізілді.